Өтінімді өзгерту

Ұлттық зияткерлік меншік институты

Өнертабысқа берілген өтінімді пайдалы модельге өзгерту тәртібі 

Қазақстан Республикасының Патент заңының 28 бабына 1-тармағына сәйкес өтiнiм берушi өнертабысқа өтiнiмін пайдалы модельге өзгертуіне құқылы.

Аталған өзгертулер кезiнде алғашқы өтiнiмнiң басымдығы және берiлген күнi сақталады.

Өтінім берушінің бұл құқығы Өнеркәсіптік меншік объектілеріне сараптама жасау Қағидаларының (Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2018 жылғы 29 тамыздағы № 1349 бұйрығының 2 Қосымша) 86 тармағының талаптарына сай келесі тәртіппен жүзеге асырылады:

- өтінімді өзгерту бойынша тиiстi өтiнiшхат сараптама ұйымының өтінімге сараптама жасау нәтижесінің шешімі шыққанға дейін берілуі тиіс;

- бір мезгілде өтінішхатпен қатар тиісті төлем құжаты және өтінім құжаттары – өтініш, сипаттама, формула, реферат, сызбалар (егер болса) берілуі тиіс.

Егерде өтінішхат талаптарға сәйкес рәсімделмеген болса, ол туралы өтінім берушіге жазбаша түрде хабарланады.

Талап етілетін құжаттар өтінішхатпен бірге немесе өтінішхат түскен күннен бастап бір ай ішінде ұсынылмаған жағдайда, өтінішхат берілмеген болып саналады, ол туралы өтінім берушіге белгіленген мерзім өткен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тиісті хабарлама жіберіледі.

Өзгерілуі болмаған өтінім өнертабысқа өтінім болып қалады.

Қай жағдайларда өтінімді өзгерту іске асырылмайды:

- егер патент беру туралы шешім шыққаннан кейін өтінішхат түскен кезде (өтінім берушіге өтінімді қайта өзгерту мүмкін еместігі туралы хабарлама өтінішхат түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жіберіледі);

- егер пайдалы модельге патент беруге өтінімге өзгерту патенттеу объектілері адамдар мен жануарларды терапевтикалық және хирургиялық емдеу тәсілдері болатын өтінімдерге қатысты жүргізілмейді (өтінімде адамдар мен жануарларды терапевтикалық және хирургиялық емдеу тәсілдерінен басқа пайдалы модель болып танылатын объектілер де қамтитын өнертабыс топтары мәлімделсе, өзгерту соңғыларына қатысты жүзеге асырылады);

- егер өнертабысқа берілген өтінім қайтарылған немесе қайтарылған болып есептелетін өтінімдерге өзгерту жүргізілмейді.

Егер, өзгерту туралы өтінішхат қайтарылған болып саналатын өтінімге қатысты Заңның 22-бабының 3 және 8-тармақтарына сәйкес келіп түссе және өтінішхатпен бірге өткізілген мерзімді қалпына келтіру туралы өтініш ұсынылса, соңғысы Заңның 22-бабының 13-тармағына сәйкес қаралады.

Өтінім берушіден оған бұрын орын алған өзгерту туралы хабарлама жібергеннен кейін пайдалы модельге өтінімді өнертабысқа өтінімге қайта өзгерту туралы өтінішхат түскен кезде, өтінім берушіге осындай өтінішхат түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде өзгертуді жүзеге асыру мүмкін емес деген хабарлама жіберіледі.

Өтінім берушінің оған өнертабысқа өтінімін пайдалы модельге өзгерту жүзеге асырылғаны туралы хабарлама жіберілгеннен кейін түскен өнертабысқа өтінімді пайдалы модельге өзгерту туралы берген өтінімді жарамсыз деп есептеу туралы өтініші өтінімді қайта өзгерту үшін негіз болып табылмайды.


Өтінімді өзгертуге қатысты төлемдер

«Қазақстан Республикасының Патент Заңы» 1999 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің атауы

Бағасы (ҚҚС-н есепке ала отырып, теңгеде)

заңды тұлғалар үшін

шағын және орта бизнес субъектілері үшін

жеке тұлғалар үшін

Бұйрықтың 2 қосымшасындағы 1.1), 3.1) сәйкес тармақтарындағы  жеңілдік берілген тұлғалар үшін

1

Өнертабысқа және/немесе пайдалы модельге өтінімді қайта өзгерту

8 730,40

6984,32

2618,56

440,00