Өнеркәсiптiк үлгi дегеніміз не

Ұлттық зияткерлік меншік институты

Өнеркәсіптік үлгіге бұйымның сыртқы түрiн айқындайтын өнеркәсіптік немесе қолөнер кәсібі өндірісі бұйымының көркем-конструкторлық шешiмі өнеркәсiптiк үлгiге жатады.

Өнеркәсiптiк үлгiге, егер ол жаңа, бiрегей болып табылса, құқықтық қорғау берiледi.

Қазақстан Республикасы Патент заңына сәйкес өнеркәсiптiк үлгi, егер бұйымның бейнелерінде көрініс тапқан және өнеркәсіптік үлгінің маңызды белгілерінің тізбесінде келтірілген оның маңызды белгілерінің жиынтығы өнеркәсіптік үлгіге басымдық берілген күнге дейін әлемде жалпы жұртқа қолжетімді болған мәліметтерден белгілі болмаса, жаңа болып табылады. Өнеркәсіптік үлгінің жаңалығын белгілеу кезінде Қазақстан Республикасында басқа тұлғалар бірдей өнеркәсіптік үлгілерге бұрын берген, кері қайтарып алынбаған өтінімдер, сондай-ақ Қазақстан Республикасында патенттелген өнеркәсіптік үлгілер ескеріледі. Өнеркәсіптік үлгі, егер оның маңызды белгілері бұйым ерекшеліктерінің шығармашылық сипатын айқындаса, бірегей деп танылады. Елеулі белгілерге нысаны, конфигурация, орнамент және түстердің үйлесімі жатады.

Өнеркәсіптік үлгілер кәсіпкерлік субъектісі мүдделерін қорғаудың маңызды құралы болып табылады, себебі сыртқы түрі тұтынушы нақты тауарды таңдаған кезде анықтаушы фактор болып табылады. Түрлі өндірушілер шығаратын бір мақсаттағы бұйымдардың техникалық деректері бірдей болғанымен, олардың сыртқы бейнелеріндегі айырмашылықтар маңызды рөлді атқарады. Осыған байланысты өнеркәсіптік үлгіге патенттік монополияны сатып алу өндірушінің стратегиялық міндеті болып табылады.

Өнеркәсіптік үлгі сыртқы түріне ие болатын тауар шығарумен байланысты адамның кез келген қызмет көрсету саласында құрастырылуы мүмкін. Өнеркәсіптік үлгі ретінде қорғалатын шешімдер адам қызметінің түрлі жақтарына байланысты болуы мүмкін, киім-кешектен бастап күрделі конструкторлық шешімдерге (көлік, катерлер және т.с.с.) дейін.

Осыған байланысты өнеркәсіптік үлгі объекттің сыртқы түріне қатысты болады. Әлемде өнеркәсіптік үлгіні анықтау үшін жиі «дизайн» деген ұғым пайдалынады. Осылайша өнеркәсіптік үлгі дизайнердің шығармашылық еңбегінің жемісіне жатады.

Мынадай шешiмдер:

  1. бұйымдардың тек қана техникалық мiндеттерiне негiзделсе;
  2. сәулет объектiлерiнiң (шағын сәулет нысандарын қоспағанда), өнеркәсiптiк, гидротехникалық және басқа да тұрақты ғимараттардың;
  3. сұйық, газ түрiндегi, сусыма немесе сол сияқты заттардан тұратын тұрақсыз нысандағы объектілердiң;
  4. қоғамдық мүдделерге, адамгершiлiк пен мораль принциптерiне қайшы келетiн бұйымдардың шешiмдерi өнеркәсiптiк үлгiлер болып танылмайды.