Ұлттық зияткерлік меншік институты
Қазақстан Республикасы Əділет министрлігінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК (бұдан əрі – ҰЗМИ РМК) барлық мүдделі тұлғаларға қазақстандық өтінім берушілер ТМД елдерінің – Қырғыз Республикасының, Əзірбайжан Республикасының, Армения Республикасының, Таджикистан Республикасының, Ресей Федерациясының, Беларусь Республикасының жəне Қазақстан Республикасының аумақтары үшін жарамды еуразиялық патентке еуразиялық өтінім беру арқылы ТМД елдерінің көпшілігінің аумағында өздерінің өнеркəсіптік үлгісіне қорғауды ала алатынын хабарлайды.
Осы жолмен берілетін өңірлік патент өтінім берілген күннен бастап 25 жыл бойы жарамды.
2021 жылдың шілдесінен бастап ҰЗМИ РМК арқылы өнеркəсіптік үлгілерге еуразиялық патенттер беруге өтінім беру мүмкіндігі ашылды.
Еуразиялық өтінім ҰЗМИ арқылы 1994 жылғы 9 қыркүйектегі Еуразиялық патенттік конвенцияға Өнеркəсіптік үлгілерді қорғау туралы хаттаманың 13-бабына (2) сəйкес екі данада беріледі.
Өнеркəсіптік үлгіге еуразиялық патент беруге өтінім бланкі жəне оларды толтыру тəртібі Еуразия патенттік ұйымының https://www.eapo.org/ru/? documents=designs веб-порталында «Құжаттар/Өтініш бланктері» деген бөлімде орналастырылған.
Өтінім берушінің еуразиялық өтінімге құжаттарды ресімдеуіне қойылатын талаптар Өнеркəсіптік үлгілерге еуразиялық патент беруге өтінімді ресімдеу жəне беру қағидаларымен, Еуразиялық патенттік конвенцияға (Өнеркəсіптік үлгілер. ІІ бөлім) патенттік нұсқаулықпен (бұдан əрі – Нұсқаулық) реттеледі, олар Еуразия патенттік ұйымының https: // www.eapo.org/ru/?documents=designs веб-порталында «Өнеркəсіптік үлгілердің құжаттары/құқықтық қорғау мəселелері» деген бөлімде орналастырылған.
Сол бөлімде Еуразиялық патенттік конвенцияға Патенттік нұсқаулықтың мəтіндері (II бөлім. Өнеркəсіптік үлгілер) берілген.
ҰЗМИ РМК еуразиялық өтінімнің Нұсқаулықтың 102 жəне 103-ережелерінің талаптарына сəйкестігін тексереді жəне Нұсқаулықтың 101-ережелеріне сəйкес оны беру күнін белгілейді.
Тексеруден кейін оң нəтиже берілген еуразиялық өтінімді ҰЗМИ Еуразиялық ведомствоға жіберуді жүзеге асырады.
Əрбір еуразиялық өтінімге еуразиялық өтінімді өңдеу, тексеру жəне жіберу бажы төленуі тиіс (Нұсқаулықтың 102 (2) ережесі).
Еуразия патенттік ұйымының
https://www.eapo.org/ru/?documents=designs веб- порталында
«Құжаттар/Өнеркəсіптік үлгілерді құқықтық қорғау мəселелері» деген бөлімде өнеркəсіптік үлгілерге еуразиялық патенттер беруге өтінімдерге қатысты жүргізілетін заңды маңызы бар жəне басқа да əрекеттер үшін Еуразиялық патенттік ұйымның баждары туралы ережемен таныса аласыз.
ҰЗМИ РМК Қазақстан Республикасы Əділет министрінің 2018 жылғы 29 тамыздағы No 1350 бұйрығымен бекітілген Өнеркəсіптік меншік
объектісіне өтінімді қарау қағидаларының 7-тармағына сəйкес Еуразиялық патенттік конвенцияны, Еуразиялық патенттік конвенцияға Патенттік нұсқаулықты басшылыққа ала отырып, еуразиялық патентті қабылдау, тексеру жəне Еуразия патенттік ұйымының Еуразиялық патенттік ведомствосына (Еуразиялық ведомство) жіберумен байланысты функцияларды жүзеге асырады.
Еуразиялық өтінімді беруге жəне өңдеуге байланысты төленетін баждар
2021 жылғы 12 сəуірден бастап қолданысқа енген Өнеркəсіптік үлгілерге еуразиялық патенттерді жəне өнеркəсіптік үлгілерге еуразиялық патенттерді беруге өтінімдерге қатысты жасалатын заңдық мəні бар іс-əрекеттер үшін Еуразия патенттік ұйымының баждар туралы ережесінің 5-тармағына сəйкес еуразиялық өтінім берген кезде мынадай баждар төленеді:
(і) Хаттаманың 13 (3) бабына жəне Патенттік нұсқаулықтың 108 (1) ережесіне сəйкес бір реттік рəсімдік алым:
егер еуразиялық өтінім бір өнеркəсіптік үлгіге берілсе - 20 000 рубль мөлшерінде;
еуразиялық өтінім бірнеше өнеркəсіптік үлгілерге берілсе - 20 000 рубль жəне екіншіден оныншыға дейінгі əрбір келесі өнеркəсіптік үлгі үшін қосымша 10 000 рубль жəне оннан астам əрбір кейінгі өнеркəсіптік үлгі үшін 5 000 рубль мөлшерінде;
(іі) Патенттік нұсқаулықтың 93 (3) ережесіне сəйкес еуразиялық өтінім материалдарының орыс тіліне аудармасын уақтылы ұсынбағаны үшін қосымша баж - 3700 рубль мөлшерінде;
(ііі) Патенттік нұсқаулықтың 93 (4) жəне 102 (4) ережелерінде белгіленген мерзімдерде бірыңғай рəсімдік баждың төленгенін растайтын құжатты уақтылы ұсынбағаны үшін қосымша баж - осы тармақтың i) абзацында белгiленген баж мөлшерінің 20 пайызына тең мөлшерде;
(iv) Патенттік нұсқаулықтың 99 (2) ережесіне сəйкес сенімхатты уақтылы ұсынбағаны үшін қосымша баж - 950 рубль мөлшерінде.
Патенттік нұсқаулықтың 80 (1) ережесіне сəйкес басымдық құқығын қалпына келтіру үшін 16 000 рубль мөлшерінде баж төленеді.