Ұлттық зияткерлік меншік институты
2024 жылғы 25 қаңтарда Ақтау қаласындағы Достық үйінде салтанатты түрде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚР Әділет министрлігінің өкілдері «Асыл тұқымды «Адай» жылқысы» заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер бірлестігіне "Адай" жылқысының айрықша құқығын растайтын селекциялық жетістікке патент табыстады. Осылайша, қазақтың "Адай" жылқысының ерекше қасиеттері енді заңды түрде бекітілді.
2022 жылдың қараша айында Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Адай жылқысын дербес тұқым ретінде ғылыми тануды тапсырды. Осыған байланысты Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндіру ғылыми-зерттеу институтының мамандары Маңғыстауға келді. Заманауи технологияларды қолдана отырып, сарапшылар жылқылардың генетикалық құрылымын анықтау үшін ғылыми сынақтан өткізді.
Ұлттық зияткерлік меншік институты директорының орынбасары Айдын Артықова марапаттау және патентті тапсыру рәсіміне қатысып, өзінің құттықтау сөзінде Ұлттық зияткерлік меншік институты әрқашан ұлттық брендтерді сақтау мен қорғауды заңдастыру мақсатында қызмет ететінін атап өтті. Географиялық көрсеткіш ретінде тіркелген Алматы апортымен қатар Казпатент "Адай" жылқысының тұқымын да патенттеді. Ғылыми көзқарас және жаңашылдық, ерекшелік, біртектілік, тұрақтылық сияқты патенттік критерийлерге сәйкестігі Адай жылқысының ұлттық брендке айналуына мүмкіндік берді. Айрықша құқықтардан басқа, патент иесіне 30 жылдық қолдану мерзімі беріледі. Патенттер тек "Адай" тұқымына ғана емес, сонымен қатар 2 түріне және 3 зауыттық ізіне де берілген. Бұл жылқымен айналысатын мамандарға Адай тұқымын сақтауға, кеңінен таратуға және танымалдығын танытуға қосымша мүмкіндіктер береді, сондай-ақ көкпар мен бәйге сияқты ұлттық ойындарды дамытуға және танымал етуге ықпал етеді.
Адай тұқымды қазақ жылқысы Арал-Каспий ойпатының аумағында жергілікті жылқы популяциясының көпжылдық халық селекциясы негізінде өсірілді. Бұл тұқымның жылқылары қатал жергілікті табиғи-климаттық жағдайларға жақсы бейімделген және сыртқы ерекшеліктеріне, мықты конституциясына, ерекше төзімділігіне, баптау жағдайларына барынша бейімделген.
Адай тұқымды қазақ жылқысы көптеген республикалық және халықаралық байқауларда өзінің айрықша ерекшеліктерін көрсетті.
Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев "Адай" тұқымының қазақ жылқысына Патент алу ұлттық құндылықтарды сақтау мен ілгерілетудегі стратегиялық маңыздылығын көрсететінін, осылайша селекциялық бағдарламалардың дамуын қолдайтынын және осы тұқымның ұлттық бренд ретіндегі мәртебесін өсіріп нығайтуға ықпал тигізетінін атап өтті.
"Президенттің тапсырмасы бойынша жұмыс жүргізілді, соның арқасында адай тұқымды қазақ жылқысы қазір Қазақстанның ұлттық брендіне айналды. Бұл мақтаныш сезімін тудыратын маңызды жетістік. Біздің басты мақсатымыз-ата-бабаларымыздың мұрасын құрметтеу арқылы ұлттық болмысымызды сақтау. Бұл мәртебе халықаралық бағдарламаларға қатысуды және туристерді тартуды қолдайды", - деп қосымша атап өтті өңір басшысы.