Ұлттық зияткерлік меншік институты
2023 жылғы 7 ақпанда Әділет министрі Азамат Есқараев Ұлттық зияткерлік меншік институтының (QAZPATENT) қызметімен және ұжымымен танысты.
QAZPATENT директоры Ербол Оспанов Министрге кәсіпорынның 2022 жылғы қызметінің қорытындысын ұсынды, зияткерлік меншік саласын дамыту бойынша ұсыныстар мен 2023 жылға қойылған міндеттерді айтты.
Кездесу барысында зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру, халықаралық әріптестікті нығайту, құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейту және патенттік сенім білдірілген өкілдермен өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ, Министр Қазақстандағы технологиялар мен инновацияларды қолдау орталықтарының желісін дамыту және жалпы Қазпатенттің жетістіктерін атап өтті. Бұл ретте Министр қоғамның экономикалық, ғылыми және мәдени дамуындағы зияткерлік меншіктің рөлін нығайтуға бағытталған бірқатар міндеттерді атап өтті.
«Зияткерлік меншік саласы өте белсенді және жылдам реформалауды талап етеді», - деп атап өтті Азамат Есқараев.
Кездесу қорытындысы бойынша Министр ұжымға қазақстандық зияткерлік меншік жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.