Ұлттық зияткерлік меншік институты
Селекциялық жетістікке патент беруге өтінім сараптамасы екі сатыдан тұрады: алдын ала сараптама және патент қабілеттілігіне сараптама.
Алдын ала сараптама жүргізу барысында «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» Қазақстан Республикасы заңының 5-бабында көзделген қажетті құжаттардың болуы және оларға қойылған талаптардың орындалуы тексеріледі.
Алдын ала сараптаманың оң нәтижесі болған кезде сараптама ұйымы өтінімді одан әрі қарау туралы шешім қабылдайды, бұл жөнінде өтініш беруші шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде хабардар етіледі.
Бұл ретте, патент қабілеттілігіне сараптама жүргізу үшін өтінімнің және селекциялық жетістік сауалнамасының көшірмелері Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ауыл шаруашылығы дақылдарының сорттарын сынау жөніндегі мемлекеттік комиссияға және Тұқымдарды сынау және апробациялау жөніндегі мемлекеттік комиссиясына (бұдан әрі – Мемлекеттік комиссия) жіберіледі (сараптама мерзімі 1 жылдан 3 жылға дейін).
Алдын ала сараптама нәтижесiнде оң шешiм шығарылған өтiнiмдер туралы мәлiметтер шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде бюллетеньде жарияланады.
Егер алдын ала жүргiзiлген сараптамада өтiнiмнiң белгiленген талаптарға сай келмейтiндiгi анықталса, оны одан әрi қараудан бас тарту туралы шешім қабылданады, ол туралы өтiнiш берушiге бес жұмыс күні ішінде хабарланады.
Өтiнiмдi одан әрi қараудан бас тарту туралы шешiмге өтiнiш берушi шешiмдi алған күннен бастап екi ай iшiнде уәкiлеттi органға қарсылық бере алады. Шағым кеңесi қарсылықты ол келiп түскен күннен бастап екi ай мерзiмде қарауға тиiс.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 2 шілдедегі № 4-2/602 бұйрығымен бекітілген Ауыл шаруашылығы өсімдіктерін сорттық сынақтан өткізу Қағидаларына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11879 болып тіркелген) және мал шаруашылығы саласындағы селекциялық жетістіктерді сынақтан және сынақтан өткізу Әдістемесіне сәйкес мемлекеттік комиссия, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 21 қазандағы № 3-3/539 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9901 болып тіркелген) патент қабілеттілігін тексереді, оның нәтижелері бойынша сорттың немесе тұқымның сипаттамасымен қорытынды жасайды және "ҰЗМИ"РМК-на жібереді.
Мемлекеттік комиссия қорытындысының негізінде сараптама ұйымы бес жұмыс күні ішінде селекциялық жетістікке патент беру туралы шешім шығарады, бұл жөнінде өтініш берушіге бес жұмыс күні ішінде жазбаша хабарлама жіберіледі.
Патент беру туралы шешiмнің қабылданғаны туралы хабарлама өтiнiм берушіге ұсынылатын күннен бастап үш ай iшiнде өтiнiм беруші сараптама ұйымына патент беруге дайындағаны және жариялағаны үшiн тиiстi төлемді растайтын құжатты ұсынады.
Көрсетiлген құжат ұсынылмаған кезде, өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру төлемі туралы құжат ұсынылған жағдайда, төлем мерзімі үш ай ішінде қалпына келтірілуі мүмкін.
Керісінше жағдайда өтiнiм кері қайтарып алынды деп есептеледi, өтiнiм бойынша iс жүргiзу тоқтатылады, бұл жөнінде өтiнiм беруші қалпына келтіру мерзімі өткен күннен бастап он жұмыс күні ішінде хабардар етіледі.
Патент беру туралы шешімнің және патент беруге дайындалғаны үшін төлемді растау және жариялау негізінде селекциялық жетістік Селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізілімінде тіркеледі.
Егер сараптама жүргiзу және сынақтан өткізу барысында сұрыптың, тұқымның патентке қабiлеттілік талаптарына сай келмейтiндiгi анықталған жағдайда, сараптама ұйымы мемлекеттiк комиссия қорытындысының негiзiнде бес жұмыс күні ішінде патент беруден бас тарту туралы шешiм қабылдайды, бұл жөнінде өтiнiш берушiге бес жұмыс күні ішінде жазбаша хабарлама жiберіледi.
Өтiнiш берушi патент беруден бас тарту туралы шешiмге оны алған күннен бастап үш ай мерзімде уәкiлеттi органға қарсылық бере алады. Қарсылықты шағым кеңесi ол түскен күннен бастап үш ай мерзiмде қарауға тиiс.