Ұлттық зияткерлік меншік институты
2026 жылдың 17 ақпан күні «Ұлттық зияткерлік меншік институты» (Казпатент) «Өнертабысқа өтінім беру, құқықтық қорғау және патенттік іздеу» тақырыбында Талдықорған қаласының «І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің» профессорлық-оқытушылық құрамы мен қызметкерлері үшін онлайн семинар өткізді (бұдан әрі – университет).
Іс-шара университеттің ғылыми және инновациялық әлеуетін дамытуға, зияткерлік меншік саласындағы білім мен құзыреттерді арттыруға, сондай-ақ Казпатенттің Технологиялар мен инновацияларды қолдау орталығы мен университет арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.
Семинар университеттің ғылыми жұмыс және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Бахтаулова Алефтина Сембаевнаның кіріспе сөзінен басталды. Ол университеттің ғылыми және инновациялық әлеуетін дамытудағы патенттік қызметтің рөлін атап өтіп, Казпатентке семинарды ұйымдастырғаны және зияткерлік меншікті басқару саласындағы білімді арттыруға қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.
Семинардың модераторы ретінде, сондай-ақ Технологиялар мен инновацияларды қолдау орталықтарының (ТИҚО) қызметі туралы Казпатенттің Патенттік зерттеулер және Технологиялар мен инновацияларды қолдау орталықтарын (ТИҚО) үйлестіру бөлімінің басшысы - Шалабаева Ұлдана Каратайқызы қысқаша баяндама жасады. Сонымен қатар, университет 2022 жылдың 27 сәуірінен бастап Казпатенттің үйлестіруімен жүзеге асырылатын Технологиялар мен инновацияларды қолдау орталықтары (ТИҚО) жобасының қатысушысы болып табылады және зияткерлік меншікті басқару саласындағы білімді арттыру бағытында белсенді жұмыс жүргізуде.
Семинар аясында Өнертабыстар мен селекциялық жетістіктерге алдын-ала сараптама жүргізу басқармасының бас сарапшысы - Қылышбаева Гульзия Беденқызы «Патент алуға өтінім беру және өнертабыстар мен пайдалы модельдерді құқықтық қорғау» жөнінде баяндама жасады. Сонымен қатар, физика және машина жасау саласындағы патенттік сараптама басқармасының бас сарапшысы - Әлімбеков Шыңғыс Жандарбекұлы «Патенттік іздеу» туралы баяндама жасады.
Семинар барысында университет қызметкерлері белсенді қатысып, өнертабысқа өтінім беру, құқықтық қорғау және патенттік іздеу мәселелері бойынша сұрақтарға жауап алды. Университет Технологиялар мен инновацияларды қолдау орталықтары (ТИҚО) аясындағы ынтымақтастықты жалғастыруға қызығушылық білдірді.
Қазпатент өткізген семинар ғылыми ұйымдармен серіктестікті дамытуға және университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мен қызметкерлерінің зияткерлік меншік саласындағы біліктілігін арттыруға ықпал етеді, бұл зияткерлік меншік қорғауға өтінім берушілердің белсенділігінің өсуін ынталандырады.