Ұлттық зияткерлік меншік институты
2026 жылғы 3–5 ақпан аралығында Қазпатент алаңында Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) өкілдері мен ұлттық инновациялық экожүйенің негізгі қатысушыларының қатысуымен Қазақстан Республикасының Ұлттық инновациялық стратегиясын (зияткерлік меншік компонентімен) әзірлеу бойынша жұмыс консультациялары өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінің бастамасымен және ДЗМҰ-ның сараптамалық қолдауымен ұйымдастырылды. Консультациялардың мақсаты – зияткерлік меншіктің рөлін, институционалдық сын-қатерлерді және халықаралық үздік тәжірибелерді ескере отырып, болашақ стратегиялық құжаттың тұжырымдамалық негіздерін қалыптастыру болды.
Ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитетінің төрағасы Шолпан Әбдіреевa құттықтау сөз сөйледі. ДЗМҰ атынан Кавказ, Орталық Азия және Шығыс Еуропа елдері секциясының басшысы Илья Грибков қатысушыларға ізгі тілегін білдірді. Алғашқы сессия барысында жұмыс консультацияларының мақсаттары мен міндеттері айқындалып, инновациялар саласындағы ұлттық стратегияларға арналған жетекші қағидаттар таныстырылды.
Негізгі баяндамаларды Лозаннадағы Швейцария Федералдық технологиялық институтының Технологияларды басқару колледжінің құрметті профессоры әрі құрметті деканы Доминик Форе және ДЗМҰ-ның зияткерлік меншік пен инновациялар саласындағы ұлттық стратегиялар жөніндегі бағдарламалық қызметкері Мэган Макканн ұсынды. Кейінгі сессияларда зияткерлік меншік пен инновациялар саласындағы ұлттық стратегияларды әзірлеуге арналған ДЗМҰ әдістемесі, Ғаламдық инновациялық индекс деректері, институционалдық шеңберлік модельдер және инновациялық әлеуетті бағалаудың талдамалық тәсілдері қарастырылды.
Мүдделі тараптарды тартуға ерекше назар аударылды. Дөңгелек үстелдер мен топтық талқылаулар аясында мемлекеттік органдардың, даму институттарының, ғылыми-білім беру қауымдастығының, инновациялық хабтардың, бизнес пен патенттік қауымдастықтың өкілдері қатысты.
Консультациялардың екінші және үшінші күндері жүйелік сын-қатерлерді талдауға және олардың ықпал ету деңгейі мен шұғылдылығы бойынша басымдықтарын айқындауға арналды. Қатысушылар параллель топтарда жұмыс істеп, нәтижелерін пленарлық форматта ұсынып, болашақ стратегия үшін басым мәселелер тізбесін бірлесіп қалыптастырды. ДЗМҰ өкілдері қатысушылардың жоғары белсенділігін және тиімді әрі орнықты инновациялық саясатты қалыптастырудағы салааралық диалогтың маңыздылығын атап өтті.
Жұмыс консультациялары Қазақстанның инновациялар мен зияткерлік меншікті орнықты экономикалық өсім мен технологиялық дамудың негізгі факторлары ретінде дамытуға берік ұстанымын растады.