Жаңалықтар

Ұлттық зияткерлік меншік институты

slide
slide

Казпатент Торайғыров университетінде өткен «Университеттегі ғылым: идеядан коммерцияландыруға дейін» семинарына онлайн-форматта қатысты

16 қаңтар, 2026

2026 жылғы 15–16 қаңтар күндері Ұлттық зияткерлік меншік институтының (Казпатент) өкілдері Павлодар қаласындағы «Торайғыров университеті» КеАҚ-та профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлеріне арналған қысқы мектеп аясында өткен «Университеттегі ғылым: идеядан коммерцияландыруға дейін» семинарына онлайн-форматта қатысты.

Аталған іс-шара университеттің ғылыми және инновациялық әлеуетін дамытуға, зияткерлік меншікті басқару саласындағы құзыреттерді арттыруға, сондай-ақ ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландырудың тиімді тетіктерін қалыптастыруға бағытталды. Казпатенттің қысқы мектеп жұмысына қатысуы Институттың университеттер мен ғылыми ұйымдармен әріптестік өзара іс-қимылды дамыту жөніндегі жүйелі жұмысының бір бөлігі болып табылады.

Семинар бағдарламасының жекелеген блогы зияткерлік меншікті (ЗМ) басқару мәселелеріне арналды. Аталған блок шеңберінде Казпатент мамандары ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың нәтижелерін құқықтық қорғау мен коммерциялық пайдаланудың өзекті тәсілдерін ұсынды.

Кіріспе сөзбен Ұлттық зияткерлік меншік институты директорының орынбасары Айдын Қыдырбаевна Артыкова сөз сөйледі. Өз баяндамасында зияткерлік меншіктің ғылыми прогресс пен экономикалық өсудің маңызды факторларының бірі ретіндегі рөлін атап өтіп, Павлодар облысындағы өнертапқыштық белсенділіктің жоғары деңгейін ерекше атап өтті. Сонымен қатар өңірде зияткерлік меншік объектілерін тіркеу бойынша статистикалық деректерді ұсынып, өнеркәсіптің сұраныстарына және өңірлік даму саясатының басымдықтарына сәйкес келетін перспективалы технологиялық бағыттарды белгіледі. Сондай-ақ географиялық нұсқауларды тіркеу саласындағы өңірлік әлеуетке назар аударылды, бұл өңірлік брендтерді дамыту мен өнімнің қосылған құнын арттырудың тиімді құралы болып табылады.

Университеттер мен ғылыми ұйымдарда зияткерлік меншікті басқарудың ерекшеліктері туралы Казпатенттің Патенттік зерттеулер және Технологиялар мен инновацияларды қолдау орталықтарын (ТИҚО) үйлестіру бөлімінің басшысы Назифа Бактыбаевна Бактыбаева баяндама жасады. Баяндамасында университеттік ортада зияткерлік меншікті басқарудың негізгі кезеңдері, ҒЗЖ нәтижелерін патенттеу мәселелері, сондай-ақ өңірдің жоғары өнертапқыштық белсенділігі мен өнеркәсіп сұраныстарын ескере отырып, жоғары оқу орындарында зияткерлік меншік саясатын қалыптастыру және өзектендірудің маңыздылығы қарастырылды.

Сонымен қатар, «Торайғыров университеті» КеАҚ Казпатент үйлестіретін Технологиялар мен инновацияларды қолдау орталықтары (ТИҚО) жобасының қатысушысы болып табылатынын атап өткен жөн. Университет патенттік ақпарат, ҒЗЖ нәтижелерін құқықтық қорғау және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру бағытында қызметтерді белсенді түрде дамытып келеді. Университеттегі ТИҚО координаторы — Қазақстан Республикасының патенттік сенімді өкілі, «Торайғыров университеті» КеАҚ патентоведы Александр Павлович Абраменко.

Зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды беру және оларды пайдалануға байланысты технологияларды трансферттеу мен лицензиялық шарттар жасасу мәселелері бойынша Казпатенттің Өнеркәсіптік меншік объектілеріне құқықтарды беру туралы шарттарды тіркеу басқармасының басшысы Саят Асанович Шидербеков баяндама жасады. Баяндамада Казпатентте лицензиялық шарттарды тіркеу тәртібі және олардың қолданыстағы патенттерді коммерцияландырудағы рөліне ерекше назар аударылды.

Пікірталас барысында қатысушылар өнеркәсіптің қажеттіліктеріне сәйкес зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды рәсімдеу, сондай-ақ лицензиялық шарттарды тіркеу белсенділігін арттырудың ғылыми әзірлемелерді экономикаға енгізудегі негізгі құралдардың бірі ретіндегі маңыздылығы жөніндегі өзекті мәселелерді көтерді.

Казпатенттің қысқы мектеп жұмысына онлайн-форматта қатысуы оның зияткерлік меншік саласындағы негізгі ұлттық институт ретіндегі рөлін, сондай-ақ университеттермен әріптестік өзара іс-қимылдың ғылымды, технологияларды және өңірлік экономиканы дамытудағы маңыздылығын тағы да растады.