Оқиғалар

Ұлттық зияткерлік меншік институты

slide
slide

Қазақстанда Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының IV Жазғы мектебі өз жұмысын бастады

16 маусым, 2025

2025 жылғы 16 маусымда зияткерлік меншік саласындағы жас мамандар, студенттер, зерттеушілер мен практиктер үшін маңызды оқиға — Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) Жазғы мектебінің ресми ашылу салтанаты өтті.
Бұл жоба 2022 жылдан бері табысты жүзеге асырылып келеді және қатысушыларға білім алу мен тәжірибе алмасудың бірегей мүмкіндігін ұсынады.
Ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы Комитетінің төрағасы Шолпан Әбдіреева құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Қазақстанның төртінші жыл қатарынан зияткерлік меншікті оқып-үйренгісі келетін және осы саланы дамытуға ұмтылатын адамдар үшін тартылыс орталығына айналғанын атап өтті:
«Біз ДЗМҰ Академиясымен бірлесе отырып, білім, тәжірибе және инновациялар тоғысатын орта қалыптастырып жатырмыз. Бұл – осы маңызды салада жаңа буын мамандарын тәрбиелеудің негізі», — деді Шолпан Тоқтарқызы.
ДЗМҰ атынан қатысушыларға ұйымның Кавказ, Орталық Азия және Шығыс Еуропа елдері секциясының басшысы, ДЗМҰ-ның өтпелі және дамушы экономикалы елдермен жұмыс жөніндегі бөлімінің өкілі Илья Грибков құттықтау сөз жолдады. Ол Қазақстанның зияткерлік меншік құқықтары саласындағы білімді таратуға бағытталған белсенді қадамдарын атап өтті. Бұл үрдіске 2024 жылы Maqsut Narikbayev University «Зияткерлік меншік және кәсіпкерлік құқық» атты жаңа магистрлік бағдарламаның іске қосылуы да дәлел бола алады.
Жазғы мектептің бірінші күніне профессор, заң ғылымдарының докторы Төлеш Қаудыровтың «Зияткерлік меншік құқығы: жалпы ережелер» тақырыбындағы дәрісімен басталды. Оның терең талдауы мен практикалық мысалдары студенттердің қызығушылығын оятып, қызу пікірталасқа түрткі болды. Бұл бағдарлама бастамасының өзектілігін көрсетіп, алдағы жемісті оқытудың негізін қалады.
Қазақстан - Орталық Азияда ДЗМҰ Жазғы мектебі өткізілетін жалғыз ел. 2025 жылы осындай бағдарламалар әлемнің 16 елінде, соның ішінде Ұлыбритания, Испания, Қытай, АҚШ және Швейцарияда ұйымдастырылды. Жетекші халықаралық ұйымдардың лекторлары, патенттік сенімді өкілдер, бизнес өкілдері, жаңашылдар, ғалымдар мен Qazpatent сарапшылары өз білімдерімен, тәжірибелерімен және үздік тәжірибелерімен бөлісуде.
2022 жылдан 2024 жылға дейін Қазақстанда өткізілген Жазғы мектеп аясында 7 елден 150 түлек білім алды. 2025 жылы бағдарламаға 30 адам қатысуда, олардың қатарында шетелдік өкілдер де бар (Өзбекстан, Франция).