Жаңалықтар

Ұлттық зияткерлік меншік институты

slide

Qazpatent ДЗМҰ сайтында: Қазақстанның зияткерлік меншік саласындағы жетістіктері

10 желтоқсан, 2024

Орталық Азия мен Еуразия аймағы үшін маңызды оқиға жаһандық деңгейде назарға ілікті. Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (ДЗМҰ) ресми сайтында Орталық Азияда Технологиялар мен инновацияларды қолдау орталықтары (ТИҚО) желісін дамыту бойынша ДЗМҰ-ның өңірлік жиналысы және технопарктер үшін ДЗМҰ-ЕАПВ өңірлік жиналысы туралы жаңалық жарияланды. Іс-шара 2024 жылдың 3-6 желтоқсанында Астанада өтті.

Іс-шара аясында Орталық Азия елдері мен Еуразия аймағының өкілдері тұрақты ТИҚО желілерін құрудың үздік тәжірибелерімен және стратегияларымен алмасу үшін жиналды. Талқылаулар өңірдегі зияткерлік меншік инновациялық экожүйесін нығайтуға арналды. Бұл экожүйе жергілікті зерттеушілерді, өнертапқыштарды және кәсіпкерлерді идеяның туындауынан бастап оның коммерциялануына дейін қолдауды қамтамасыз етеді.

ДЗМҰ мақаласында Қазақстан Республикасы Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекованың іс-шараны аша отырып айтқан құттықтау сөзіне ерекше назар аударылды. Ол өз сөзінде ТИҚО жобасының өңірлік даму үшін маңыздылығын атап өтті. Вице-министр Технологиялар мен инновацияларды қолдау орталықтары тек технологияларды қолдау құралы ғана емес, сонымен қатар тұрақты инновациялық инфрақұрылым құрудың және Қазақстан аймақтарының экономикалық әлеуетін нығайтудың маңызды қадамы екенін ерекше айтты. Бұл орталықтар халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін берік негіз қалайды.

ДЗМҰ сайтындағы жарияланым Qazpatent қызметінің халықаралық аренадағы маңыздылығын айқын көрсетеді. Жапония Патенттік ведомствосының (JPO) қолдауы инновациялық қолдау желілерін құруға бағытталған жоғары деңгейдегі халықаралық ынтымақтастықтың дәлелі болды. Іс-шара аясында Qazpatent халықаралық жобаларды үйлестіру және Қазақстанның инновациялық әлеуетін ілгерілету бойынша өзінің негізгі рөлін растады, өңірдегі зияткерлік меншікті дамытуға белсенді ықпал етуде.

Qazpatent іс-шараның барлық қатысушылары мен серіктестеріне зияткерлік меншікті және инновацияларды дамытуға қосқан үлестері үшін шынайы алғысын білдіреді. Біз қызметіміздің әлемдік деңгейде мойындалғанына мақтанамыз және болашаққа сеніммен қарап, өңірдің инновациялық әлеуетін жаһандық мақсаттарға жету үшін одан әрі дамытуды жалғастырамыз.

https://etisc.wipo.int/news/wipo-regional-meeting-development-tisc-networks-central-asia-and-wipo-eapo-regional-meeting