Ұлттық зияткерлік меншік институты
ГН тіркеудің негізгі талаптарының бірі – өнім мен тауардың шыққан жері немесе өндіріс орны мен өнімнің ерекше қасиеттері арасындағы тығыз байланыстың болуы.
Қазалы сабынының өндірушісі Қызылорда облысының шөлді аймағында, Қазалы қаласында орналасқан, онда адыраспан/гармала деп аталатын «киелі өсімдік» өседі. Қазақтар ежелден адыраспанның емдік қасиеттері туралы білген. Адыраспанның сабағы, жапырағы, тіпті оның түтінінде де шипа бар. Сондықтан өнім өндіруші парфюмерлік-косметикалық қоспада қалампыр мен адыраспанды пайдаланады және «Қазалы» атауымен қол жуатын және ыдыс жуатын хош иісті сұйық сабын шығарады (көлемі 200 мл, 500 мл және 5 литр). Сабынға тек Қазалыдан ғана емес, өңірден тыс жерлерден де үлкен сұраныс бар.
Сондай-ақ, өңірде «Қазалы» қатты кір сабыны өндіріледі. Жергілікті жануарлардың майы мен сүйек кемігі кір сабынның негізгі ингредиенттері ретінде пайдаланылады. Кір сабын әртүрлі маталарды, санитарлық-гигиеналық және өнеркәсіптік өнімдерді жууға арналған.
Арал Қарақұмы дәрілік шөптерге бай: шөлге төзімді боз жусан, жүзгін, жиде, сексеуіл, қара сексеуіл. Сонымен қатар, өзен мен көл маңында астық тұқымдас шөптесін аралас қамыс, құрақ өседі. Пайдалы жабайы өсімдіктерге қызыл мия, мыңжапырақ, жебіршөп, кәдімгі адыраспан және т.б. жатады.
Ерекше климат (жазы аптап ыстық, ал қысы аязды), малды баптау (жазда жайылымда, қыста арнайы қораларда), дәрілік өсімдіктерге бай жем-шөбі – мұның бәрі жануарлардың жоғары төзімділігіне және майдың тез жиналуына әсер етеді. Осы жергілікті малдардың іш майы қатты сабынның құрамындағы майлылығын ұстап тұратын болса, малдың сүйек кемігі сабынның мықты қатуына септігін тигізеді.
Осы қоспалардың жиынтығымен «Қазалы» сауда белгісімен 65%, 70%, 72% (салмағы 180, 200, 250 грамм) өндірілетін қатты кір сабын жағымды жеңіл иісі бар экологиялық таза табиғи өнім болып табылады.