Ұлттық зияткерлік меншік институты
2022 жылғы 29 қарашада ҚР ӘМ Зияткерлік меншік құқықтары департаментінің, аумақтық әділет органдарының, ТИҚО үйлестірушілерінің және жобаға қосылуға мүдделі ұйымдардың өкілдерінің қатысуымен Қазақстандағы технологиялар мен инновацияларды қолдау орталықтары (ТИҚО) ұлттық желісінің үйлестірушілерінің форумы өтті. Барлығы 50 тыңдаушы қатысты.
Форумды Казпатент директорының орынбасары Айша Жұмабекова құттықтау сөзімен ашты, өз сөзінде Қазақстан Республикасының 12 өңірінде 17 ұйымның базасында ашылған ТИҚО жобасына қатысушы ұйымдар санының тұрақты өскенін атап өтті.
Даму және халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Инкара Шертышева жобаның артықшылықтары туралы айтып, жобаның негізгі мақсаты зияткерлік қызмет нәтижелерін құқықтық қорғау саласындағы хабардарлықты арттыру және Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйым (ДЗМҰ) академиясының қашықтықтан оқыту курстары мен вебинарлар ұйымдастыру арқылы оқытуды қоса алғанда, оқытудың әртүрлі нысандары арқылы патенттік зерттеулер жүргізу болып табылатынын атап өтті.
Өнертабыстар, пайдалы модельдер және селекциялық жетістіктер департаментінің басшысы Алтынай Батырбекова тыңдаушыларға ғылыми зерттеулерді жүзеге асыруда алдын ала ақпараттық ізденістің маңыздылығы туралы айтып, технологиялар мен инновацияларды қолдау кез келген елдің экономикалық өсуінде орталық рөл атқаратынын атап өтті.
Департаменттің бас сарапшысы Шыңғыс Әлімбеков тыңдаушыларға отандық және халықаралық деректер базасы бойынша патенттік іздеулердің қалай жүзеге асырылатынын нақты көрсетті.
Форум барысында Түркістан облысы Әділет департаментінің өкілдері Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің базасында 18-ші ТИҚО жобасына қосылғаны туралы хабарлады.
Форумның ұйымдастырушылары қатысушылармен халықаралық жобаны дамыту бағытындағы алдағы жоспарларымен бөлісті.
Айта кетейік, 2021 жылы Қазақстан патенттік ведомство атынан ДЗМҰ бастамасымен бүкіл әлем бойынша ТИҚО құру жөніндегі халықаралық жобаға қосылды.