Ұлттық зияткерлік меншік институты
2026 жылғы 12 ақпанда Алматыда Kazpatent филиалының Оқу орталығы ұйымдастырған "Зияткерлік меншік: Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар және оларды қолдану практикасы" тақырыбындағы оқыту семинары өтті. Іс-шараға ғылыми және білім беру ұйымдарының өкілдері, патенттік сенім білдірілген өкілдер және зияткерлік меншік саласындағы мамандар қатысты.
Kazpatent филиалының директоры Зауре Орынбекова алғы сөз сөйлеп, кәсіби қоғамдастықты заңнаманың новеллалары және бірыңғай құқық қолдану практикасын қалыптастыру туралы уақтылы хабардар етудің маңыздылығын атап өтті.
Бағдарламаның негізгі назары Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік саласындағы заңнамасына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды және оларды қолданудың практикалық аспектілерін талдауға аударылды. Семинар барысында өнертабыстарға, пайдалы модельдерге, тауар белгілеріне және өнеркәсіптік үлгілерге өтінім беру және сараптама жүргізу рәсімдерін, сондай-ақ авторлық құқық пен сабақтас құқықтарды реттеудегі өзгерістерді қозғайтын новеллалар егжей-тегжейлі қаралды. Жаңа нормаларды түсіндіру, өтініш берушілер мен құқық иеленушілер үшін тәуекелдер, сондай-ақ өзекті әкімшілік практиканы қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ, Kazpatent-тің зияткерлік меншік объектілерінің тізілімдерін жүргізу жөніндегі жаңа өкілеттіктері және олардың цифрландыру рәсімдерінің ашықтығындағы маңызы талқыланды.
Семинар практикалық сессиямен аяқталды, оның шеңберінде қатысушыларға электрондық өтінім беру жүйесімен және зияткерлік меншік объектілерінің Мемлекеттік тізілімімен жұмыс көрсетілді, сондай-ақ өтінім беру кезінде туындайтын үлгілік қателер егжей-тегжейлі түсіндірілді. Іс-шара қорытындысы бойынша тыңдаушыларға сертификаттар табысталды.
Kazpatent филиалы спикерлер мен қатысушыларға Қазақстан Республикасындағы зияткерлік меншік саласындағы құқықтық мәдениетті дамытуға белсенді қатысқаны және қосқан үлесі үшін алғыс білдіреді.