Ұлттық зияткерлік меншік институты
Qazpatent басшылығы Астана Халықаралық Форумы аясында өткен «Жасанды интеллект дәуіріндегі зияткерлік меншік» атты панельдік сессияға қатысты.
Сессия барысында жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы жағдайында зияткерлік меншікті реттеуге қатысты өзекті мәселелер мен болашақтағы мүмкіндіктер талқыланды. Негізгі назар авторлар, әзірлеушілер мен қоғам мүдделерінің арасындағы теңгерімді табуға аударылды.
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев зияткерлік меншіктің елдің тұрақты дамуы мен инвестициялық тартымдылығын арттыру құралы ретінде стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының бас директоры Дарен Танг Қазақстанның заманауи және теңгерімді құқықтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады.
Талқылауға сондай-ақ Еуразиялық патенттік ведомствоның, Әзәрбайжанның, Арменияның, Индонезияның, Қытайдың, Ресейдің және Тәжікстанның патенттік органдарының басшылары мен өкілдері қатысты. Қатысушылар цифрлық трансформация мен жасанды интеллект рөлінің артуы жағдайында құқықтық реттеу тәсілдері бойынша пікір алмасты.
Панельдік сессия зияткерлік меншіктің болашағына қатысты стратегиялық көзқарастармен бөлісуге, авторлық ұғымын қайта қарастыруға және инновациялық дамуды ынталандыратын бейімделетін құқықтық тетіктерді әзірлеуге бағытталған мазмұнды алаң болды.