Ұлттық зияткерлік меншік институты
Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу қарсаңында Qazpatent ұжымы директор Сәбит Ахметовтің басшылығымен Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Антонович Сердюковқа барды. Биыл қараша айында ардагер 99 жасқа толады.
Qazpatent ұжымы атынан Сәбит Ахметов соғыс жылдарындағы ерлігі, қайсарлығы мен жанқиярлығы үшін Василий Антоновичке шынайы алғысын білдірді.
Василий Антонович Сердюков 1926 жылы Ақмола облысы, Сталин ауданы, Богдановка ауылында дүниеге келген. 1943 жылы 16 жасар мектеп оқушысы ретінде 10-сыныпта оқып жүріп, авиация немесе танк училищесіне түсуді армандаған. Алайда соғыс бұл арманын үзіп кетті. Ол мектеп партасынан майданға аттанып, Минск, Варшава, Беларусь пен Польша қалаларын азат ету жолындағы шайқастарға қатысты. Висла, Одра және Шпрее өзендеріндегі шайқастарға қатысып, Рейхстагқа дейін жеткен. Соғыс аяқталған кезде оған небәрі 18 жас болған.
1946 жылы әскерден босатылған соң, Василий Антонович екі жыл Жолымбет кенішінде шофер болып жұмыс істеді. Кейін Жаңасібір әскери теміржол инженерлері институтына оқуға түсіп, оны бітіргеннен кейін Қарағанды теміржолына жолдамамен жіберілді. Еңбек жолын Бурабай курорты станциясынан бастап, 1992 жылға дейін теміржол саласында абыроймен қызмет етті. Зейнетке сол жылы шықты.
2011 жылы Германияға барып, Зеелов биіктіктеріндегі бауырлас зираттар мен мемориалдарға тағзым етіп, жауынгерлік жолын, бауырын және майдандас достарын еске алды.
Qazpatent ардагерлерді ардақтау мен ұрпаққа өнеге боларлық ерлік жолын ұлықтау дәстүрін жалғастыра береді.