Ұлттық зияткерлік меншік институты
Бүгін Мақсұт Нәрікбаев атындағы Университеттің (ҚазГЮУ) қабырғасында көрнекті заңгер, құқық саласының маманы, Қазақстан Республикасының патенттік ведомствосының алғашқы төрағасы Қаудыров Төлеш Ерденұлының 70 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті.
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің атынан мерейтой иесін Ұлттық зияткерлік меншік институтының (Qazpatent) директоры Ахметов Сабит Мейрамұлы құттықтады. Ол әділет министрінің атынан құттықтау хатын оқып, Төлеш Ерденұлының заң ғылымы мен Қазақстанның патенттік жүйесінің дамуына қосқан зор үлесін атап өтті.
Салтанатты рәсім аясында ведомство басшысы мерейтой иесіне Қазақстанның патенттік жүйесінің 30 жылдығына орай дайындалған монографияны және «Қазақстанның зияткерлік меншігі» журналының жаңа нөмірін табыстады. Журналдың осы санында профессор Мәуленов Қасым Сырбайұлының Төлеш Ерденұлының өмірі мен кәсіби жолына арналған мақаласы жарық көрген.
Іс-шара жылы әрі мерекелік атмосферада өтіп, мерейтой иесінің әріптестері, шәкірттері мен пікірлестерін жинады. Қатысушылар оның ғылымның дамуына, жас мамандарды дайындауға және Қазақстанның зияткерлік меншік жүйесін нығайтуға қосқан баға жетпес үлесін атап өтті.
Qazpatent Қаудыров Төлеш Ерденұлына ұзақ жылдар бойғы еңбегі, іске адалдығы және елдің зияткерлік әлеуетін дамытуға қосқан үлесі үшін шын жүректен алғыс білдіреді және құттықтайды.