Жаңалықтар

Ұлттық зияткерлік меншік институты

slide
slide
slide
slide

ҚАЗАҚСТАН GLOBAL INNOVATION INDEX-2024 РЕЙТИНГІНДЕ ОРТАЛЫҚ ЖӘНЕ ОҢТҮСТІК АЗИЯ ЕЛДЕРІ КӨШБАСШЫЛАРЫНЫҢ ҮШТІГІНЕ ЕНДІ

26 қыркүйек, 2024

2024 жылғы 26 қыркүйекте Женевада беделді халықаралық рейтингтің нәтижелерін жариялаудың 17-ші жыл сайынғы рәсімі өтті.

2007 жылдан бастап Global Innovation Index (WIPO) 133 елдің көрсеткіштерін 80 бағыт бойынша бағалайды және экономика мен өндірістің өсуіне инновациялардың әсерін растайды. Рейтинг инновациялар саласындағы жаңа стратегияларды әзірлеу үшін маңызды индикатор ретінде қызмет етеді. Рейтингі жоғарылау іске асырылып жатқан мемлекеттік реформалардың халықаралық бағалауы болып табылады және халықаралық беделді жақсартуға және Қазақстанға тікелей инвестициялар тартуға ықпал етеді.

Салтанатты рәсімге Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының (WIPO) бас директоры Дарен Танг мырза, Global Innovation Index бірлескен редакторы Сача Вунч Винсент мырза, мемлекет және үкімет басшылары, соның ішінде Түркия Республикасының Президенті Реджеп Тайып Ердоған мырза, Барбадос премьер-министрі Миа Амор Моттли ханым, Вьетнам Социалистік Республикасының премьер-министрі Фам Мин Чин мырза, әлеуметтік кәсіпкерлік және инновация саласындағы жетекші сарапшылар қатысты.

Қазақстан сапалы өсім көрсетіп, жаһандық рейтингте 81-ші орыннан 78-ші орынға көтеріліп, Үндістан мен Ираннан кейін Орталық және Оңтүстік Азия көшбасшылар үштігіне енді. «Мемлекеттік басқарудың тиімділігі», «Заңның үстемдігі», «Оқу, математика және жаратылыстану ғылымдары бойынша PISA шкаласы», «Нарықтың дамуы», «Бизнесті жүргізу», «Тікелей инвестициялардың таза ағыны, ІЖӨ %» көрсеткіштері бойынша жақсару байқалады.

Рейтингтегі ең үлкен өсім «Креативті тауарлар мен қызметтер» көрсеткіштері бойынша 93-ші орыннан 65-ші орынға, «Ұлттық көркем фильмдер/млн адам» 61-ші орыннан 31-ші орынға және «Жоғарғы деңгейдегі домендер (TLD)/мың адам» 115-тен 80-ге дейінгі орынға ие болды.

Рейтинг редакторлары Қазақстанның келесі индикаторлары бойынша әлемнің ТОП-30 еліне кіргенін ерекше атап өтті:

«Онлайн үкімет» - 8-ші орын, «Шығу тегі бойынша пайдалы модельдер/млрд. ПОҚ бойынша ІЖӨ» - 10-шы орын, «Электрондық қатысу» - 15-ші орын, «Оқушылар мен мұғалімдердің арақатынасы, орта білім» - 16-шы орын, «Еңбек өнімділігінің өсуі, %» - 30-шы орын.

Global Innovation Index-те Қазақстанның рейтингін арттыруға мүдделі мемлекеттік органдар санынан Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі жанындағы Жобалау офисінің жұмысы ықпал етті.

Әділет министрлігіне бекітілген Global Innovation Index-тің 7 (жеті) индикаторын арттыру мақсатында Қазақстанның құқық үстемдігі бойынша жетістіктері жарияланды, патенттеу рәсімі оңайлатылды, сондай-ақ жүргізіліп жатқан мемлекеттік реформалардың экономикалық өсуі мен әсерін көрсететін деректер жаңартылды.

2024 жылғы 4 қазанда Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының қолдауымен Қазақстан Республикасында алғаш рет Азия елдері үшін Global Innovation Index 2024 есебін жариялаудың өңірлік рәсімі өтеді.

Ұйымдастырушысы Әділет министрлігі болып табылатын іс-шараға Азия елдерінің инновация министрлері мен патенттік ведомстволарының басшылары, сондай-ақ дипломатиялық корпустың, халықаралық ұйымдардың және мүдделі үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысады.

Анықтама ретінде:

Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы (UN WIPO) – Біріккен Ұлттар Ұйымының 15 мамандандырылған мекемесінің бірі, оның қызметі шығармашылық қызметті ынталандыруға және зияткерлік меншікті (IP) халықаралық қорғауға ықпал етуге бағытталған. WIPO тауар белгілері мен патенттерді халықаралық тіркеуді жеңілдетеді.

Жаһандық инновациялық индекс – инновациялардың елдердің дамуына әсерін анықтау бойынша әлем елдерінің ауқымды экономикалық зерттеуі. Халықаралық рейтинг 2007 жылдан бері 80 түрлі көрсеткіш бойынша әлемнің 133 елін бағалайды. Бұл индекстің өсуінің маңыздылығы оны Қытай, Сингапур, БАӘ, Түркия, Өзбекстан және т.б. елдердің үкіметтік стратегияларына енгізу арқылы анықталады. Осы индекстегі позицияларды жақсарту ұлттық басымдыққа кіреді.