Ұлттық зияткерлік меншік институты
Ағымдағы жылдың 29 сәуірінде ҚР Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті мүшелерінің ҚР Әділет министрлігі және «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК (Қазпатент) басшылығымен зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мәселелерін талқылау бойынша кездесуі өтті.
Кездесуді алғы сөзбен Комитеттің хатшысы Қанатбек Сафинов ашты. Ол өз сөзінде Парламент депутаттарының бір тобымен (С. Айтпаева, В. Волков сенаторларымен) қазіргі уақытта Мәжілісте қаралып жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасына бастамашылық етілгенін атап өтті.
Әділет вице-министрі Ақерке Ахметова зияткерлік меншік саласы бойынша жоспарланған реформалар туралы баяндама жасады және зияткерлік меншік мәселелері бойынша Заң жобасымен ұжымдық ұйымдардың қызметі мен олардың тиімділігін жоғарылату; «географиялық көрсеткіштер» жаңа объектісінің енгізу; тіркелмеген өнеркәсіптік үлгілерді қысқамерзімде қорғау; патенттік сенім білдірілген өкілдерінің жұмысын реттеу бойынша өзгерістер мен толықтыруларды қарастырылатындығын атап өтті.
Қазпатент директоры Ербол Оспанов депутаттарға зияткерлік меншік саласына деген қызығушылығын білдіргендері үшін алғыс білдірді және Қазпатент қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып берді.
Депутаттар зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелерін талқылады.
Қорытындылай келе, депуттар заң жобасымен қарастырылған «географиялық көрсеткіштер» сияқты зияткерлік меншік объектісінің енгізілуі бойынша, сондай-ақ зияткерлік меншік объектілерін тіркеу мерзімдерінің қысқартылуы және патенттік сенім білдірілген өкілдердің қызметтерін жетілдіру бойынша өзгерістердің уақытылы және тиімді екенін атап өтті.