Жаңалықтар

Ұлттық зияткерлік меншік институты

Зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы өзгерту туралы

10 желтоқсан, 2021

10 желтоқсанда ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы өзгертуге қатысты баспасөз конференциясы өтті. Шараға ҚР Әділет вице-министрі Ақерке Ахметова, ҚР ӘМ Зияткерлік меншік құқығы департаменті директорының орынбасары Гүлнара Кәкен, ҚР ӘМ «Ұлттық зияткерлік меншік институты» (Қазпатент) директоры Ермек Қуантыров қатысты.

Вице-министрдің айтуынша осы саладағы соңғы заңнамалық түзетулер 2018 жылы зияткерлік меншік объектілерін тіркеудің бір деңгейлі жүйесін құруға мүмкіндік берді. «Бұрын Әділет министрлігі жүзеге асырып келген зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды тіркеу жөніндегі функциялар сараптама ұйымы - Ұлттық зияткерлік меншік институтына берілді. Соның арқасында өнеркәсіптік меншік нысандарына өтінімдерді қарау мерзімі орта есеппен бір айдан астам мерзімге, авторлық құқық нысандарын тіркеу мерзімі жиырма күннен бір күнге дейін қысқарды», -деді Ақерке Ахметова.

Бұдан басқа, өткен жылы Еуразиялық патенттік конвенцияға (Қазақстан, РФ, Армения, Қырғызстан, Әзірбайжан және Тәжікстан) өнеркәсіптік үлгілерді қорғау туралы хаттама күшіне енді.

Қазақстандық кәсіпкерлер бір өтінім негізінде бірден алты мемлекетте өнеркәсіптік үлгіге қорғау алу мүмкіндігіне ие болды.

Сонымен қатар, вице-министрдің айтуынша тауар таңбалары мен тауар шығарылған жерлердің атауларын тіркеу рәсімі жеңілдетілді. Енді кәсіпкер Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің кез келген патенттік ведомствосына бір өтінім беру арқылы бес елдің аумағында қорғау ала алады.

Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай тауар таңбаларын тіркеуге өтінімдер сараптамасының барлық кезеңдерін сараптамалық ұйым - Қазпатент жүргізіп әрі Одақтың бірыңғай тізілімінде тіркейді. Ұйым директоры Ермек Қуантыровтың айтуынша, бұл Одақ аумағында өзара сауда кедергілерді қысқартуға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлер үшін уақыт пен қаржылық шығындар азаяды. Соның арқасында тауарлардың кедендік ресімдеуі жеңілдетіледі.

Вице-министр Ақерке Ахметованың сөзінше заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында депутаттар зияткерлік меншік мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді ұсынды.

Аталған түзетулер ұжымдық ұйымдар қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, «географиялық көрсеткіш» жаңа өнеркәсіптік меншік объектісін қорғауды енгізуге, тіркелмеген өнеркәсіптік үлгілерге қатысты қысқа мерзімді қорғауды ұсынуға, тауар таңбалары, географиялық көрсеткіштер және тауар шығарылған жердің атаулары бойынша «оппозициялық» жүйені енгізуге, патенттік сенім білдірілген өкілдердің қызметін реттеуге бағытталған.

«Қазақстанның заңнамасына «географиялық көрсеткіш» жаңа ұғымын енгізу – географиялық көрсеткіштерді тауарлар шығарылған жерлердің атауларынан бөлек тіркеуге мүмкіндік береді. Аталған өнеркәсіптік меншік объектілері бойынша ҚР-ның екі жеке мемлекеттік тізілімі жүргізілетін болады. Географиялық көрсеткіштер мен тауар шығарылған жерлердің атауларын бөлек қорғауды ұсыну отандық өндірушілердің құқықтарын іске асыру мүмкіндіктерін кеңейтеді және ұлттық брендтеуді дамытуға оң әсер етеді»,-деді вице-министр.

Бұдан басқа, тауар белгілерін, географиялық көрсеткіштерді және тауар шығарылған жерлердің атауларын тіркеуге өтінімдерді қарау сатысында қарсылықтар енгізу мүмкіндігі – «оппозициялық» жүйе ұсынылып отыр. Бұл әлемдегі жетекші елдердің тәжірибесі негізінде жасалды.

Айта кетейік, өзгерістер 2018 жылы іске асырылған заңнамалық түзетулерден кейінгі келесі қадам болып табылады. Бұл осы объектілерді тіркеуге байланысты даулар санын азайтуға ықпал етеді және зияткерлік меншік объектілеріне құқық иеленушілердің құқықтарын сақтауды және қорғауды жетілдіруге мүмкіндік береді.