ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚ ШЕҢБЕРІНДЕГІ ӨЗАРА ӘРЕКЕТТЕСУ

Ұлттық зияткерлік меншік институты

Бес елді: Армения Республикасын, Беларусь Республикасын, Қазақстан Республикасын, Қырғыз Республикасын және Ресей Федерациясын қамтитын Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) қатысушы мемлекет бола отырып, Қазақстан Республикасы зияткерлік меншікті қорғау саласында да өзара іс-қимылды жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 14 қазандағы №240-V Заңымен ратификацияланған ЕАЭО туралы шартта өзге бағыттармен қатар зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды күзету мен қорғау саласындағы қатынастарға қатысты негізгі ережелер реттелген (XXIII бөлім. «Зияткерлік меншік», Шартқа тіркелген 26-қосымша – Зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды күзету мен қорғау туралы хаттама).

Көрсетілген Шарттың ережелерін іске асыру мақсатында ЕАЭО шеңберінде бірқатар келісімдер жасалды.

Олардың алғашқысы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 26 қарашадағы № 951 қаулысымен бекітілген Зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау жөніндегі іс-қимылдарды үйлестіру туралы шарт (Гродно, 2015) болды.

Аталған Шарттың қажеттілігі ЕАЭС аумағы контрафактілік өнім ағыны үшін дәліз және сыйымдылығы 180 миллион адамнан асатын нарықта оны тарату үшін плацдарм болатындығымен байланысты. ЕАЭО елдерінің зияткерлік меншік объектілеріне құқықтары бұзылған тауарлар өндіруде көшбасшы мемлекеттермен көршілестігі контрафактіге қарсы іс-қимылға ерекше назар аударуды және бұл бағытты басым бағыттардың бірі ретінде қарастыруды міндеттейді.

Мүше мемлекеттердің контрафактілік өнімдердің таралуына қарсы күрестегі белсенді жұмысына және осы бағыттағы күш-жігердің шоғырлануына қарамастан, контрафакт көлемі жыл сайын артып келеді. Қазіргі жағдайларда ЕАЭО-ның бүкіл аумағында зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғаудың бірдей тиімді жүйесін құру бойынша тиісті шаралар қабылдау қажет.

Бұл бағыттағы алғашқы қадам ЕАЭО-дағы зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды бұзушылықтардың жолын кесуге көмектесуге және өзара іс-қимылды жүзеге асыруға, сондай-ақ мүше мемлекеттердің Комиссиямен ақпараттық өзара іс-қимылын жүзеге асыруға құқықтық негіздемелер жасайтын Зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау жөніндегі іс-қимылдарды үйлестіру туралы шарт болды.

Шартты іске асыру мақсатында Комиссия Алқасының 2016 жылғы 30 тамыздағы №102 шешімімен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары мен Еуразиялық экономикалық комиссияның Ақпараттық өзара іс-қимыл регламенті (Регламент) бекітілді. Бұл Регламентте зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау саласындағы мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары ұсынатын ақпарат негізінде Комиссияның зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау саласындағы құқық қолдану практикасының нәтижелеріне талдау жүргізуі көзделеді.

2017 жылы Комиссия Регламентке сәйкес мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының ақпаратын жинау, қорыту және талдау жөніндегі жұмысты бастады.

Жыл сайын құқық қолдану практикасына жүргізілген мониторинг қорытындылары бойынша Комиссия мониторингтің негізгі нәтижелерін, мүше мемлекеттердің зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды қорғау саласындағы заңнамасын үйлестіру жөніндегі ұсыныстарды және мүше мемлекеттерде құқық қолдану практикасын жетілдіруге бағытталған шараларды, уәкілетті органдардың зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды бұзушылықтардың алдын алуға және жолын кесуге бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру жөніндегі ұсыныстарын және т.б. қамтитын есеп дайындайды.

Авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық негізде басқару тәртібі туралы келісім (Мәскеу, 2017) Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 7 мамырдағы № 252- VІ Заңымен ратификацияланды.

Еуразиялық экономикалық одақтың тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы шарт (Мәскеу, 2020) Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 1 сәуірдегі № 28-VII Заңымен ратификацияланды.

Бұл Заң Еуразиялық экономикалық одақтың тауар белгілерін, қызмет көрсету белгілерін және тауарлар шығарылған жерлердің атауларын тіркеуге, құқықтық қорғауға және пайдалануға, Одақтың тауар белгісін тіркеуге байланысты туындайтын қатынастарды реттейді.