ӨЗГЕ ДЕ КӨПЖАҚТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ШАРТТАРҒА ҚАТЫСУ

Ұлттық зияткерлік меншік институты

ДЗМҰ әкімшілік ететін халықаралық келісімдерге қатысудан бөлек, Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік авторлық құқықтар туралы конвенция (Женева, 1952) және Зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісімге (TRIPS) (Марракеш, 1994) қатысушы мемлекет болып табылады.

Дүниежүзілік авторлық құқықтар туралы конвенцияға 1952 жылы Женевада қол қойылды, 1971 жылы шілдеде Парижде Конвенцияны қайта қарау жөніндегі конференция өтті, онда оның жаңа (Париждік) редакциясы қабылданды.

КСРО Конвенцияның Женева нұсқасына 1973 жылы 27 мамырда қосылды.

Дүниежүзілік авторлық құқықтар туралы конвенция (Женева, 1952) Қазақстан Республикасында халықаралық міндеттемелер мен бұрынғы КСРО шарттарының құқықтық мирасқорлығы тәртібімен қолданылады. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 16 маусымдағы қаулысымен ратификацияланған Авторлық құқық және сабақтас құқықтарды қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы Келісімнің 1-бабында: «Қатысушы мемлекеттер өз аумақтарында бұрынғы КСР Одағының Дүниежүзілік авторлық құқықтар туралы конвенцияға (1952 жылғы редакциясында) қатысуынан туындайтын халықаралық міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етеді деп көрсетілген. Аталған Конвенцияның бұрынғы КСР Одағы үшін күшіне ену күні (1973 жылғы 27 мамыр) әрбір қатысушы мемлекет өзін оның ережелерімен байланысты деп санайтын күн болып табылады. Әрбір қатысушы мемлекет бұл туралы Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының (ЮНЕСКО) Бас директорына қажетті өтініш жібереді».

Зияткерлік меншік құқығының сауда аспектілері туралы келісім – TRIPS Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы келісімге тіркелген 1C-қосымшасы болып табылады (Марракеш, 1994).

Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы 1994 жылғы 15 сәуірдегі Марракеш келісіміне қосылуы туралы хаттама Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 12 қазандағы № 356-V Заңымен ратификацияланған. ДСҰ-ның реттеуші кешеніне зияткерлік меншік құқықтарын қорғауға бағытталған құқықтық нормаларды енгізу халықаралық сауданың зияткерлік меншік объектілерімен тығыз байланысты болуына қатысты.

TRIPS келісімі ДСҰ-ға мүше мемлекеттер үшін зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мәселелерін реттейтін негізгі келісім болып табылады. TRIPS келісімі іс жүзінде қолданыстағы өзге көпжақты халықаралық келісімдерге, оның ішінде Париж конвенциясының, Берн конвенциясының, Рим Конвенциясының нормаларына, Интегралдық микросхемаларға қатысты зияткерлік меншік туралы шарттың нормаларына жасалған сілтемелерді қоса алғанда, зияткерлік меншікті қорғау саласындағы қолданыстағы халықаралық реттеу нормаларын инкорпорациялайды (2-бап).

Толығырақ танысу