Ұлттық зияткерлік меншік институты
2025 жылғы 20 ақпанда Qazpatent-те Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Жұмыс тобының көшпелі отырысы өтті. Онда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды.
Іс-шараның басында қатысушылар отырыс аясында ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Qazpatent директоры Сәбит Ахметов Жұмыс тобының мүшелерін институттың негізгі қызмет бағыттарымен таныстырды.
Жұмыс тобының отырысын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, заң жобасы бойынша Жұмыс тобының жетекшісі Нұрсұлтан Байтілесов ашты. Құттықтау сөзінде ол зияткерлік меншік саласындағы реформалардың елдің инновациялық экономикасын дамыту және зияткерлік қызмет нәтижелерінің құқықтарын тиімді қорғау үшін маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан Республикасы Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова заң жобасының таныстырылымын жасап, құжатта ұсынылған негізгі өзгерістер мен жаңа бастамалардың зияткерлік меншік саласындағы құқықтық базаны жетілдірудегі маңызы туралы жан-жақты баяндады.
Таныстырылымнан кейін қатысушылар белсенді пікірталас жүргізіп, өз сұрақтарын қойды. Талқылау барысында зияткерлік меншік саласындағы өзекті мәселелер, соның ішінде авторлар мен инновациялық өнімдерді әзірлеушілердің құқықтарын қорғау жөніндегі ұсыныстар қарастырылды.
Отырыс Нұрсұлтан Байтілесовтың қорытынды сөзімен аяқталды. Ол қатысушыларға белсенді қатысқаны үшін алғыс білдіріп, отандық бизнес, инновациялар және басқа да зияткерлік меншік өнімдерінің дамуы үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында заңнаманы одан әрі жетілдірудің маңыздылығын атап өтті.