National Institute of Intellectual Property
2025 жылғы 21 қарашада Алматыда Qazpatent филиалының Оқу орталығы ұйымдастырған "Орталық Азия елдеріндегі тауар белгілері мен географиялық нұсқамалары иелерінің құқықтарын қорғау" өңірлік оқыту семинары өтті. Іс-шара гибридті форматта өтті және Орталық Азия елдерінің сараптамалық қоғамдастығы, бизнес, өндірушілер, заңгерлер мен зияткерлік меншік саласындағы мамандарын жинады.
Qazpatent филиалының директоры Зауре Орынбекова және Тәжікстан Республикасы Экономикалық даму және сауда министрлігінің "Ұлттық патенттік-ақпараттық орталығы" ММ директорының бірінші орынбасары Вализода Шавкат алғы сөз сөйлеп, трансшекаралық сауданың өсуі мен Орталық Азия нарықтарының кеңеюі жағдайында тауар белгілері мен географиялық нұсқамаларды қорғаудың өзектілігін атап өтті.
Семинар бағдарламасына аймақ елдерінің ұлттық заңнамасына шолу, сот практикасын талдау және брендтерді қорғаудың халықаралық құралдарын талқылау кірді. Бірінші сессия шеңберінде Qazpatent филиалының аға сарапшысы Сауле Изембаева тауар белгілерін қорғаудың өзекті құқықтық тетіктерін ұсынды және Орталық Азия мемлекеттерінің зияткерлік меншік саласынан заңнамалық нормаларына салыстырмалы талдау жүргізді.
Мадрид жүйесі бойынша сауда белгілерін халықаралық тіркеуге ерекше назар аударылды. Qazpatent филиалының бас сарапшысы Татьяна Горбунова халықаралық тіркеудің артықшылықтары мен өтінім беру қадамдарын егжей-тегжейлі атап өтті.
Географиялық нұсқамалар тақырыбы қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Qazpatent филиалы директорының орынбасары Гүлназ Әжімхан және Қазақстандық қант, азық-түлік және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Айжан Наурзгалиева ГН-дың құқықтық ерекшеліктері, өңірдегі қолданыстағы нұсқамалардың мысалдары және осы саланың даму перспективалары туралы айтып берді.
Жеке сессия кедендік қорғауға арналды. "Bolotov & Partners LLP" серіктесі Жанат Нурмагамбетов шекарадағы заңбұзушылықтардың жолын кесудің, кедендік тізілім жұмысының және тауар белгілерін заңсыз пайдаланғаны үшін жауапкершілік шараларының практикалық тәсілдерін ұсынды.
Сот практикасы туралы Qazpatent филиалы Оқу орталығының басшысы Алтынай Тайшева баяндама жасап, құқық иелеріне өз елінен тыс жерлерде құқықтары бұзылған жағдайда ұсынымдарды, трансшекаралық қорғаудың негізгі трендтерін, күрделілігін атап өтті.
Қатысушылар материалдың өзектілігін және әртүрлі елдердің сарапшыларымен күрделі мәселелерді талқылау мүмкіндігін жоғары бағалады. Іс-шара қорытындысы бойынша барлық тыңдаушыларға сертификаттар табысталды.
Qazpatent филиалы барлық спикерлер мен қатысушыларға белсенді жұмысы үшін алғыс білдіреді. Мұндай іс-шараларды офлайн форматта өткізу өңірлік ынтымақтастықты дамытуға және Орталық Азиядағы зияткерлік меншікті қорғау жүйесін нығайтуға ықпал ететінін атап өткен Тәжікстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасынан келіп қатысқан қонақтарға ерекше алғыс білдіреміз.