National Institute of Intellectual Property
2019 жылдың 18 наурызында Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі – «ҰЗМИ» РМК) Астана қаласы Әділет департаментімен бірлесіп, «Тауар таңбаларына, тауар шығарылған жерлердің атауларына және өнеркәсіптік үлгілерге өтінім беру және оларды тіркеу процедуралары. Тауар таңбаларын қорғау құқығы» атты семинар өткізді.
Аталған шараға кәсіпкерлер, патенттік сенімді өкілдер және басқа да мүдделі тұлғалар қатысты. Семинар өнеркәсіптік меншік объектілерін тіркеуді насихаттау, сараптама жүргізу кезеңдерін түсіндіру, тауар таңбаларын халықаралық тіркеу процедурасымен, зияткерлік меншікті қорғаудың құқық қолдану тәжірибесімен таныстыру мақсатында өткізілді.
Семинар жұмысын Тауар таңбалары, тауар шығарылған жерлердің атаулары және өнеркәсіптік үлгілер департаментінің бастығы Әсемгүл Казиева алғы сөзімен ашты. Өз сөзінде ол зияткерлік меншік объектілерін құқықтық қорғаудың маңыздылығын және артықшылығын атап өтті.
Сараптама мәселелері бойынша «ҰЗМИ» РМК Тауар таңбаларын алдын ала сараптау басқармасының бастығы Динара Құсайынова «Тауар таңбаларына өтінім беруге қойылатын талаптар. Алдын ала сараптама», «ҰЗМИ» РМК Тауар таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары басқармасының бастығы Әсел Шакуанова «Қазақстан Республикасында тауар таңбаларын және тауар шығарылған жерлердің атауларын құқықтық қорғау», «ҰЗМИ» РМК Өнеркәсіптік үлгілер басқармасының бастығы Ләззат Салкен «Қазақстан Республикасында өнеркәсіптік үлгілерді құқықтық қорғау», «ҰЗМИ» РМК Халықаралық тауар таңбаларын сараптау басқармасының бас сарапшысы Мәншүк Әбілмәжінова «Тауар таңбаларын халықаралық тіркеу (Мадрид жүйесі)» тақырыбында баянда жасады. Өнеркәсіптік меншік объектілеріне өтінімді электронды беру процедурасы бойынша «ҰЗМИ» РМК Патенттік ақпарат және сараптама кезеңдерін автоматтандыру басқармасының Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінің бастығы Абылай Төлегенов «ҰЗМИ» РМК ақпараттық қарым-қатынасы баяндамасымен сөз сөйледі.
Зияткерлік меншік объектілерін қорғауды аумақтық әділет органдары, сондай-ақ құқық қорғау органдары жүргізетінін айта кеткен жөн. Астана қаласы Әділет департаментінің Зияткерлік меншік бөлімі бастығының м.а. Нұрәділ Алпанов «Тауар таңбаларына құқықтарды қорғау» тақырыбындағы баяндамада зияткерлік меншік құқықтарын қорғау тәжірибесі, контрафактілік өніммен күресу шаралары туралы айтып берді.
Семинар қорытындысы бойынша қатысушыларға түсініктемелер мен кеңестер берілді. Қатысушылар «ҰЗМИ» РМК қызметкерлеріне семинарды ұйымдастыру үшін алғыс білдірді, оның өзектілігі мен маңыздылығын атап өтті.