Ұлттық зияткерлік меншік институты
Бүгін «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК («Qazpatent») қабырғасында Институт қызметінің басталу күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Ұлттық патенттік ведомство (Qazpatent) Қазақстан Республикасы Президентінің 1992 жылғы 23 маусымдағы № 806 «Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің жанындағы Ұлттық патенттік ведомство туралы» Жарлығымен құрылды.
Кейінірек, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 11 шілдедегі № 756 қаулысымен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитетінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылып, ол өз жұмысын ресми түрде 2003 жылғы 19 қыркүйекте бастады.
Институт 1992 жылы құрылған Ұлттық патенттік ведомствоның құқықтық мирасқоры болып табылады.
Qazpatent директоры Сәбит Ахметов ұжымды айтулы күнмен құттықтап, Институт жылдар бойы еліміздің зияткерлік меншік жүйесінің маңызды буынына айналып, елдің инновациялық әлеуетін дамытуға елеулі үлес қосқанын атап өтті.
Өз сөзінде директор Qazpatent жетістіктері – әрбір қызметкердің кәсібилігінің, ұйымшылдығының және өз ісіне адалдығының нәтижесі екенін ерекше атап өтті. Ол ұжымға алдағы уақытта да табыстарға жетуді, жаңа бастамалардың жүзеге асуын, зор денсаулық пен амандық тіледі.
Іс-шара аясында Институт қызметінде жоғары нәтижеге қол жеткізген және белсенділік танытқан қызметкерлерге Құрмет грамоталары табысталды.
Салтанатты жиын Ұлттық зияткерлік меншік институты тарихы мен жетістіктеріне деген бірлік пен мақтаныш атмосферасында өтті.