Жаңалықтар

Ұлттық зияткерлік меншік институты

Тауар белгілерін тіркеу – қазақстандық брендтердің халықаралық нарыққа жылжуының құралы

12 ақпан, 2025

Кәсіпорынның қызметі барысында шетелде тауар белгісін тіркеу қажеттілігі туындауы мүмкін. Бұл халықаралық нарыққа шығумен, тауарлар мен қызметтерді шет елдерге экспорттаумен және басқа да себептермен байланысты болуы мүмкін.

Шетелде тауар белгісін тіркеу не үшін қажет?

Егер сіз шет елде қызмет етуді жоспарласаңыз, халықаралық тауар белгісін тіркеу өте маңызды, өйткені тауар белгісі жосықсыз бәсекелестердің жалған өнімдерді сатуынан қорғайды.

Сондай-ақ, тауар белгісінің иесі бұл нарықта оның белгісіне ұқсас үшінші тұлғаның тауар белгісі тіркелмегеніне сенімді болады. Бұл импорт пен тауарларды сатудағы ықтимал кедергілерді жоюға көмектеседі.

Сонымен қатар, франчайзингтік модель бойынша дамуды көздейтін бизнес қорғалған брендке ие болуы керек. Халықаралық тіркеу серіктестерді іздеуді жеңілдетеді, бизнестің қауіпсіздігіне сенімділік береді және жаңа мүмкіндіктер ашады.

Артықшылықтары: 

Шетелде тіркелген тауар белгісінің болуы маңызды рөл атқарады, себебі:

  • Әр түрлі елдерде брендтің заңды қорғалуын қамтамасыз етеді.
  • Тұтынушылардың сенімін арттырып, сенімді компания имиджін қалыптастырады.
  • Контрафакт өнімдерге қарсы тиімді күресуге мүмкіндік береді.
  • Франчайзинг пен серіктестік бағдарламалар үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Халықаралық тіркеудің қандай жолдары бар?

Тауар белгісін шетелде тіркеудің үш мүмкін жолы бар:

Ұлттық жол – өтінімді тікелей таңдалған елдің ұлттық ведомствосына беру.

Өңірлік жол – өтінімді белгілі бір елдер бірлестігі құрған өңірлік жүйеге беру.

Халықаралық жол (Мадрид жүйесі) – бір өтінім беру арқылы Мадрид жүйесіне қатысушы барлық елдерде қорғау сұрауға мүмкіндік береді.

Қай жолды таңдау қажеттігі қалауыңызға, ресурстарыңызға және шетелде тауар белгісін тіркеу ерекшеліктеріне байланысты болады.

Мадрид жүйесі – бұл тауар белгілерін тіркеу мен басқарудың қолайлы әрі үнемді механизмі. Бір ғана халықаралық өтінім беру және бірыңғай баждардың бір жиынтығын төлеу арқылы 131 елде қорғау сұрауға болады.

1993 жылдан 2024 жылға дейін қазақстандық өтінім берушілер Мадрид жүйесі бойынша шетелдерге 1600-ден астам тауар белгісін тіркеуге өтінім берді.

Мадрид жүйесі бойынша халықаралық өтінім берудің шарттары:

  • Ұлттық өтінімнің болуы немесе тауар белгісіне тіркелген куәлік алу;
  • Қазақстан Республикасының азаматы болу, тұрақты тұру немесе ел аумағында нақты әрі белсенді өнеркәсіптік не коммерциялық кәсіпорынға ие болу.

Шетелде тіркелген танымал қазақстандық тауар белгілеріне мысалдар:







Халықаралық тауар белгісін тіркеуге өтінім беру туралы толық ақпаратты qazpatent.kz сайтындағы «Тауар белгілерін халықаралық  тіркеу» бөлімінен табуға болады.