Жаңалықтар

Ұлттық зияткерлік меншік институты

slide
slide
slide
slide

ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев ЕО Ауыл шаруашылығы жөніндегі комиссары Януш Войчеховскиймен кездесті

30 мамыр, 2024

Бұл кездесуге 2015 жылы Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру үшін жүргізілген Ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік, шарап және спирттік ішімдіктер үшін географиялық нұсқамаларды қорғау туралы хаттама жасасу жөніндегі Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы келіссөздер себеп болды.
«Қазақстан географиялық нұсқамаларды дамытуда үлкен әлеуетке ие, осыған байланысты біз аталған Хаттамаға қол қоюға қызығушылық танытудамыз. Ол біздің ауыл шаруашылығы тауарларының экспортын ұлғайтуға және олардың Еуропалық Одақ нарығына шығуына ықпал ететін болады», - деді Азамат Ескараев.
Еуропалық Одақ өкілдері өз тарапынан Әділет министрлігімен ынтымақтастықты жоғары бағалап, Хаттама жобасы бойынша келіссөздердің нәтижелілігін атап өтті.
Географиялық нұсқамалар Қазақстан үшін 2022 жылы заңнамаға енгізілген зияткерлік меншіктің жаңа объектісі.
Бүгінгі таңда Қазақстанда Алматы апорты, Түркістан балмұздағы, Түркістан шоколады, Қарағанды балмұздағы және Сайрам кексі сияқты ұлттық географиялық нұсқамалар қорғалады. Шетелдік географиялық нұсқамалардан Грузин чачасы қорғалады.
«Жантачное» Арал сабыны, Қызылорда тұзы, Қызылорда күріші, түйе сүтінен жасалған Арал сабыны, Нарынқол картобы, Талғар алмұрты және т.б. географиялық нұсқамаларды тіркеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Бұған дейін географиялық нұсқамалар Қазақстанда тек тауарлардың шығу тегі ретінде тіркелетін. Мәселен олардың арасында Будвайзер чех сырасы, ірімшіктерден Пармезан және Горгонзолла, Просекко шарабы және т.б. еуропалық ауыл шаруашылығы өнімдері де бар екендігін атап өткен жөн. Аталған тауарлардың шығу тегі еуропалық өндірушілердің атына тіркелген.
Қазақстанда географиялық нұсқамалар сияқты зияткерлік меншік объектісін одан әрі тарату Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлттық брендтеуді дамытуға, олардың әлемдік нарықта танылуын, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және туристік саланы дамытуға ықпал ететін болады.