Жаңалықтар

Ұлттық зияткерлік меншік институты

slide

Алматы қ. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорында заң жобасы бойынша қоғамдық тыңдау

30 қыркүйек, 2016

А.ж. 30 қыркүйекте сағ. 15.00 Алматы қ. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік cаласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өтті.

Қоғамдық тыңдаудың жұмысына Әділет министрлігінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Зияткерлік меншік институтының, ғылыми мекемелердің, авторлық және сабақтас құқықтарды ұжымдық басқару ұйымдарының, өкілдері, патенттік сенім білдірілген өкілдер және бизнес өкілдері қатысты.

Қоғамдық тыңдау отырысын Қоғамдық кеңес мүшесі, модератор С.К. Байбатыров ашты. Алғашқы сөзбен Алматы қ. Кәсіпкерлер палатасының директоры Ю.Ж. Тлеумуратов, ҚР Әділет Министрінің орынбасары Э.Ә. Әзімова сөз сөйледі.

Әділет министрлігінің зияткерлік меншік құқығы департаментінің директоры А. Естаев және ҰЗМИ РМК сарапшылары Заң жобасымен таныстырды. Патенттік сенім білдірілген өкілдері Ю.А. Болотов, Н.В. Русакова, М.М. Тагбергенова баяндама жасады.

Заң жобасының сараптамалық қорытындымен Еуразиялық патенттік сенім білдірген өкілі, профессор, заң ғылымы докторы Т. Е. Қаудыров сөз сөйледі.

Қоғамдық тыңдаудың басты мақсаты азаматтардың және кәсіпкерлер субъектілерінің қызығушылығын тудыру, заң жобасын түсіндіру және талқылау болып табылады.

Заң жобасының міндеті - Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының зияткерлік меншікті қорғау саласындағы стандарттарына жүйелі түрде өту.

Заң жобасының негізгі жаңалықтары:
- зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды тіркеу бойынша өкілеттіктерді сараптама ұйымына («Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК) беру арқылы зияткерлік меншік объектілерін тіркеудің бір деңгейлі жүйесін құру;
- тіркеуге қатысты дауларды сотқа дейінгі қарау мүмкіндігін кеңейту;
- құқық иелерінің тауар таңбасын заңсыз пайдаланғаны үшін өтемақы алу құқығын қамтамасыз ету;
- тауар таңбаларына өтінімдерді сараптама ұйымына түскен сәттен бастап жариялау.

Заң жобасының және Тұжырымдаманың мәтіндері 2016 жылғы 14 , 17, 20 қыркүйектегі № 101, 102, 103 «Юридическая газета», «Заң газеті» басылымдарында, Әділет министрлігінің www.adilet.gov.kz және Зиятркелік меншік құқығы институтының www.kazpatent.kz ресми сайттарында орналасқан.

Қоғамдық тыңдаудың хаттамасы
Қоғамдық тыңдау хаттамасына қосымша