Ұлттық зияткерлік меншік институты
2017 жылдың 18 мамырында Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК филиалының («ҰЗМИ» филиалы) Оқу орталығы «Өнеркәсіптік меншік объектілерін тіркеу, қорғау және сақтаудың негіздері. Өнеркәсіптік меншік объектілеріне өтінімдерді электронды беру және оларды пайдалану» тақырыбында оқыту семинарын өткізді.
Семинарды «ҰЗМИ» РМК филиалының директоры З.О. Орынбекова ашып, семинар қатысушыларына алдағы уақытта орын алатын, Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы ақпарат берді.
Бекітілген бағдарламаға сәйкес лекторлар ретінде «ҰЗМИ» филиалының өндірістік басқарма және бөлім басшылары мен бас сарапшылары және мамандары дәріс оқыды.
Семинар барысында келесідей сұрақтар қарастырылды:
- өнеркәсіптік меншік объектілерін қорғау түсінігі;
- тауар таңбасы мен өнеркәсіптік үлгіні құқықтық қорғау мен тіркеу талаптары;
- өнертабыс пен пайдалы модель өнеркәсіптік меншік объектілері ретінде;
- өнеркәсіптік меншік объектілерін пайдалануға құқық берудің негізгі түрлері.
Семинарға С.Д.Асфендиров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің, Қазақстан-Ресей медицина университетінің, «Волковгеология» АҚ, «КАЗРОССЕРТ» ЖШС, «Михайлюк Сороколат и партнеры – патентные поверенные» ЖШС патенттанушылары мен өкілдері және басқа да жеке тұлғалар қатысты.
Семинар қатысушылары тауар таңбаларын тіркеу және қорғау, ӨМО қорғау құжаттарын беру рәсімі, қорғау құжаттарының мерзімдері, лицензиялық шарттарға қатысты және электронды өтінімдердің артықшылықтары туралы көптеген сұрақтар қойып, оларға филиал мамандарынан толық әрі түсіндірме жауаптар алды.