Ұлттық зияткерлік меншік институты
2018 жылғы 1-2 ақпанда Қазақстан Республикасы делегациясы Ұлттық зияткерлік меншік институты директоры Е.К. Оспановтың басшылығымен Мәскеу қаласында ұйымдастырылған «Жаңа технологиялық кезеңдегі зияткерлік меншік» атты халықаралық конференцияға қатысты.
Конференцияға Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының орынбасары Аркадий Дворкович,ЗМДҰ Бас директорының орынбасары Джон Сэндэйдж, Еуразиялық патенттік ұйымы Еуразиялық патенттік ведомствосының президенті Сауле Тлевлесова, ұлттық патенттік ведомстволардың басшылары мен сараптама жасайтын қоғамдастықтардың өкілдері қатысты.
Спикерлер ретінде Ресей Федерациясы, Чили, Марокко, Ямайка секілді мемлекеттердің ұлттық патенттік ведомстволарының басшылары, Австралия, Ұлыбритания, Израиль университеттерінің профессорлары, сонымен бірге Австралияның, Сингапурдың, Жапония және тағы басқа елдердің зияткерлік меншік саласындағы сарапшылары сөз алды.
Конференция экономика цифровизациясы және жаңа технологиялық мүмкіндіктердің пайда болу жағдайларында зияткерлік меншік институттары қандай мәселелерді шешетіндігіне арналған.
Конференция қатысушылары өтінімдерді қарастыру және берілетін патенттер сапасын арттыру рәсімдерін үдету мақсатында патенттік ведомстволар арасындағы серіктестіктің маңыздылығын ерекше атап өтті. Қазіргі сәтте сараптама жасау жұмысы жасанды ақыл-оймен алмастырылмайтындығы туралы сөз қозғалды, бұған қоса патенттеудің заманауи жүйесі көптеген жағдайда қоғамның технологиялық жаңалықтарға қалай жауап қайтаратындығына байланысты екендігі туралы мәліметтер айтылды.