Ұлттық зияткерлік меншік институты
Бүгін, 25 маусымда Назарбаев орталығында «Nazarbayev Fund Schools Challenge – 2019» республикалық конкурсының (бұдан әрі – Конкурс) финалдық іріктеу турының ашылуы өтті.
Конкурс Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының қамқорлығымен өткізіледі. Конкурсты ҚР Әділет министрлігі мен «ҰЗМИ» РМК Назарбаев Университеті мен Крэнфилд Британдық университетімен бірлесіп ұйымдастырды. «Air Astana» Қазақстанның ұлттық әуетасымалдаушысы және «Samruk – Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры конкурстың серіктестері болып табылады.
Конкурстың мақсаты қазақстандық жастардың зияткерлік әлеуетін ынталандыру және қолдау, сондай-ақ оқушылардың бойында кәсіпті саналы таңдау уәждемесін қалыптастыру болып табылады.
Конкурсқа еліміздің барлық аймақтарынан 16-18 жас аралығындағы, ағылшын тілін меңгерген, физика-математика және жаратылыстану ғылымдары саласындағы жетістіктері, сондай-ақ өзіндік жобалық қызмет тәжірибесі бар оқушылар қатысады.
Финалдың ашылуында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов, ҚР Әділет Вице-министрі Алмат Мадалиев, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Майкл Гиффорд, Назарбаев Университетінің инновация жөніндегі Вице-президенті Ерден Құсаин, «Samruk – Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры корпоративтік коммуникациялар департаментінің директоры Мирас Иргебаев, «Nazarbayev Fund Schools Challenge – 2018» конкурсының жеңімпазы Евгений Демиденко құттықтау сөз сөйледі.
Сонымен қатар, оқушылар үшін Air Astana техникалық қызмет көрсету жөніндегі аға менеджері Руслан Шаяхметов пен Air Astana ұшқышы Кирилл Селезнев авиатехник мамандығы және табыс тарихы туралы дәрістер оқыды.
Крэнфилд университетінің атынан Ян Холлингворт сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Аталған іс-шараның модераторы «ҰЗМИ» РМК директоры Ербол Оспанов болды.
Іріктеу туры 2019 жылдың 25-27 маусым аралығында өтеді, оның қорытындысы бойынша конкурстың серіктестері мен демеушілерінен тұратын комиссия іріктеген финалистер 2019 жылдың 19-26 тамыз аралығында Крэнфилд университетіне (Ұлыбритания) оқу-танымдық сапарға жіберіледі.
Байқауға қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тілейміз!